^Негізгі бетке көшу

foto1 foto2 foto3 foto4 foto5

Тәрбие төрт түрлі:
Дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі,
Сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі.
М.Жұмабаев.

Мектепке дейінгі жастағы эстетикалық тәрбие.

Мазмұны. Бағыттаушы дәріс. Эстетикалық тәрбие дегеніміз- қоршаған дүниенің, өнердің сұлулығын баланың көру және сол сұлулықты жасау қабілеті дамыту мақсатымен оның жеке басына ықпал етудің мақсатты түрде бағытталған жүйелі процесі. Эстетикалық тәрбие дегеніміз- өте кең ұғым. Оған табиғатқа, еңбекке , қоғам өміріне , тұрмысқа, өнерге эмстетикалық қатынасты тәрбиелеу кіреді. Алайда өнерді танып-білудің көп қырлы және өзіндік ерекшелігі мол екені соншалық, ол эстетикалық тәрбиенің жалпы жүйесінің ерекше бөлімі ретінде дараланады. Балаларды өнер құралдарымен тәрбиелеу көркемдік тәрбие пәнін құрайды. Тәрбиеші баланы сұлулықты қабылдауға , оған эмоциялық жауап беруге, сондай-ақ, эстетикалық ұғым,эстетикалық пікір, эстетикалық баға беруге қасиетін қалыптастыруға жетелеп апаруға тиіс. Эстетикалық даму-баланың эстетикалық нәр алуға мүмкіндік тудыратын сезім мүшелері мен шығармашылық қабілетін ұштау, өмірдегі көркемөнердегі әсемдікті түсінуіне , оны қабылдауына педогогикалық жағынан ықпал ету арқылы баланың эстетикалық сезімін дамыту.

Эстетикалық сезім дегеніміз- өмірдегі, көркемөнердегі әсемдікті қабылдаудан туатын эстетикалық нәр алу, толқу , рақаттану. Ол- адам табиғатына ғана тән жоғары сезім. Мектепке дейінгі балалардың қолынан көркем өнердің барлық түрі: әңгіме құрастыру, өлең құрастыру, ән айту, сурет салу, жапсыру сияқты іс-әрекеттің бәрі келеді. Олардың орасан мол өзіндік ерекшелігі бар, ол ерекшелік балалардың шындықты соншалықты пәк, тікелей бейнелейтіндігіне , ғаламат шынайлығында,бейнелейтін нәрсенің шындығына сенетіндігінде, көрушілер мен тындаушылар жөнінде қам жемейтіндігінде. Осы кезеңнің өзінде балалардың , көркем –шығармашылық қабілеттері дами бастайды, бұл ойдың тууынан , оның іске айналуынан, өзінің білімі мен әсерін ұштастыра білуінен, сезім мен ойын білдірген кездегі ғаламат шынайылығынан көрінеді. Бұл балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға ықпал етеді. Эстетикалық талғам кең ұғым , ол өнердің терең мағыналы , тамаша шығармаларды түсінуді, содан ләзат алуды ғана емес, табиғаттың, еңбектің , тұрмыстың, киімнің сұлулығын түсінуді де қамтиді. Балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда оқыту үлкен рөл атқарады. Мектепке дейінгі жаста балалар оқу үстінде балалар әдебиетінің , музыканың , сурет өнерінің жасына лайық шынайы өнер шығармаларын тани білуді, суюді үйренеді. Балалардың көркемдік қабілеттерін, олардың эстетикалық сезімдері мен ұғымдарын, әсемдікті бағалай білуін дамыта отырып, педагог кейінірек адамның рухани байлығы қалыптасатын негіздерді қалай береді.

Балаға өмір сұлулығын сезінуді және түсінуді үйрету- ересектердің ұзақ жұмысын керек ететін күрделі де қиын міндет.

Эстетикалық тәрбиенің міндеттері:

  • Баланың эстетикалық қабылдауын жүйелі түрде дамыту;
  • Балалардың эстетикалық түсінігі мен құштарлығын сезімталдық қабілетін дамыту;
  • Балалардың көркемдік талғамын тәрбиелеу:

Эстетикалық тәрбиенің құралдары : қоршаған дүние , табиғи орта , күнделікті тұрмыс эстетикасы, табиғаттан, өмірден алған әсері, көркем әдебиет шығармалары, музыкалық туындылар,бейнелеу өнері, мерекелер мен сауықтар. Мереке кездерінде балалар бақшасында өнердің әр түрлі балаларға өзінің бар ерекшелігімен және бірлігімен ықпал жасайды. Мерекелер мектеп жасына дейінгі балаларға қатты әсер етеді, олардың есінде ұзақ сақталады да, эстетикалық тәрбиенің маңызды құралына айналады. Эстетикалық тәрбиені жүзеге асыруда балабақшаның орны ерекше. Дегенмен де отбасының да рөлі зор болмақ. Балабақша мен отбасының бірлескен ықпалының бірлігі жағдайында ғана эстетикалық тәрбие міндеттерін толық көлемде жүзеге асыруға болады. Балалардың әрқайысы музыкант немесе суретші болмауы мүмкін, бірақ әр бір баланың өнерге сүйіспеншілігі мен ықыласын тәрбиелеуге , эстетикалық талғамын , көркемдік талғампаздығын, музыканы түсінуін , сурет салудың қарапайым дағдыларын қалыптастыруға болады. Ол арқылы эстетикалық тәрбиенің негізі қаланады.

Эстетикалық тәрбиенің әдістері : бақылауды ұйымдастыру, әңгімелесу, түсіндіру, өнер туындыларын көру, қызықтыру, серуен, үлгі көрсету, іс-әрекетті ұйымдастыру, бейнелеу өнердегі әрекеті үшін мадақтау және жетістіктерін бағалау.

Балалардың эстетикалық тәрбиесі тұрмыс эстетикасымен, еңбектегі, табиғаттағы, қоғамдық құбылыстардағы әсемдікпен таныстыру жолымен және өнер құралдары арқылы жүзеге асырылады. Балабақшадағы тұрмыс эстетикалық көркем қарапайымдылықтан, күнделікті тұтынылатын заттардың ақылмен таңдалып алуынан, әр заттың өз орнында жарасып тұруынан басы артық еш нәрсе болмауынан көрінеді. Қабырғалардың бояуы жайдары, ашық болуы тиіс. Балабақшаны безендіруге қойылатынталап балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау міндеттерімен, олармен жүргізілетін тәрбие жұмысының мазмұнымен анықталады.

Олардың ішіндегі ең бастылары:

  1. Үй жиһаздарының пайдалылығы, жабдықтарының тәжірибелік тұрғыдан қажеттілігі.
  2. Ық, қарапайымдылық, әдемілік.
  3. Әрбір заттың көзге сүйкімді, анық көрінуін қамтамасыз ететіндей түс пен жарықтың дұрыс ұштасуы.
  4. Безендірудің барлық компоненттері біртұтас ансамбль құрайтын болуға тиіс.

Қортынды: Эстетикалық тәрбиенің мәні міндеттері айқындалады. Сондай-ақ , эстетикалық тәрбиенің негізгі құралдары, көркемөнер құралдары, көркемөнер шығармалары, бейнелеу өнері, эстетикалық тәрбиенің әдістері қарастырылады. Эстетикалық тәрбиенің мектепке дейінгі жастағы жүйелі жүргізілуіне көніл бөліп және оны ұйымдастырудың жолдарын меңгереді.
Әдістемелік нұсқау. Дәрісте ұсынылған материалдарды оқушы-студенттер толық меңгеру үшін төмендегідей мәселелерге басым көніл бөлуі керек:

    • Эстетикалық тәрбиеге байланысты негізгі тірек түсініктердің мәнін ашып, мағынасын түсіне білуі;
    • Эстетикалық тәрбиенің мақсаты мен міндеттерін нақты білу;
    • Эстетикалық тәрбиенің мазмұны мен құралдарын айқындай білу;
    • Эстетикалық тәрбиенің шарттары мен принциптерін және құралдарын жете түсінуі;
    • Эстетикалық тәрбиенің негізгі құралдарына , әдіс-тәсілдеріне талдау жасай білу, тәжірибелік жұмыстар жүргізуге жаттвғуы қажет.